Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Орталықта өткен облыстық прокуратура алқа жиынында жер заңнамасының орындалуына жүргізілген тексерістің нәтижелері қаралды. Жиынға құқық қорғау құрылымдарының жетекшілері мен тиісті мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Кездесуде жеке тұрғын үй құрылысына жер беру тәртібін реттеу, Бас жоспар талаптарының орындалуын қадағалау, заңсыз пайдаланылған жерлерді анықтау, су қорғау аймақтары мен белдеулерінің деректерін кадастрға енгізу, аграрлық алқаптардағы егіс айналымын сақтау мәселелері талқыланды.
Баяндаманы облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев және жер ресурстарын бақылау инспекциясының басшысы Марат Көшеков жасады.
Жиын соңында құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін ортақ іс-қимыл жоспарын бекіту туралы шешім қабылданды.

