Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жаңақорған ауданында асфальт зауытының ашылу рәсімі өтіп, оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, салалық құрылым басшылары, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев өңірдің өнеркәсіп саласындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, жаңа зауыттың іске қосылуымен құттықтады. Оның айтуынша, Қызылорда облысы құрылысқа қажетті негізгі материалдармен толық қамтамасыз етіліп, цемент, шыны, қиыршық тас, асфальт бетон, металл өңдеу, құрғақ құрылыс қоспалары мен темірбетон бұйымдары өндірісі тұрақты жолға қойылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық өнім өндірушілерді қолдау туралы тапсырмалары аясында өңір құрылыс кластерін дамытуда.
«Шалқия тас» серіктестігі іске асырған асфальт зауыты жобасы өткен жылы басталып, қазіргі уақытта алғашқы өнімін шығара бастады. Өңір үшін индустриялық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан маңызды бұл өндіріс орны Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді деп жоспарлануда.
Рәсім барысында аймақтың дамуына үлес қосқан азаматтар мен мердігер ұйым қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Бақыт Нұртазаев құттықтау сөз сөйледі.
Айта кету керек, жоба аясында 700 млн теңге көлемінде инвестиция тартылып, барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым жеткізілді. Мемлекеттік қолдау ретінде 6 гектар жер телімі бөлінді. «Шалқия» кен орнынан доломит өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы берілген. Зауытта 15 тұрақты жұмыс орны ашылып, өндіріс қуаттылығы сағатына 150 тонна асфальтты құрайды.

