Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданында автоматты газ тарату станциясының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға құқық қорғау органдарының жетекшілері, облыстық мәслихат төрағасы және ардагерлер қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде өңірдің экономикалық дамуы мен жаңа нысанның аудан инфрақұрылымына қосатын маңызды үлесін атап өтті.
— Бүгін біз Жаңақорған автоматты газ тарату станциясын ресми түрде іске қосып отырмыз. 2015 жылы жұмысын бастаған, қуаты сағатына 20 000 м³ болатын станция кент пен 6 елді мекендегі шамамен 45 мың тұрғынға газ жеткізетін. Қазір оның қуаттылығы 2 есеге ұлғайтылып, 40 000 м³/сағатқа жетті. Жоба құны 2,3 млрд. теңге, оның арқасында ауданның Қожакент, Өзгент, Ақсуат, М.Нәлібаев, Жаңарық, Қыркеңсе, Байкенже, Билібай елді мекендеріндегі 12 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынды пайдалана алады.
Сонымен қатар, «ҚазақГаз» компаниясының инвестициялық бағдарламасы бойынша 6 ауылға газ тарту жұмыстары 6 млрд. теңгеге жүргізілуде. Бұл ауданның газдандыру деңгейін 67 пайызға жеткізеді. Автоматтандырылған станцияға жылына 3 500 тонна өнім өндіретін құс фабрикасы, құрылысы келесі жылы басталатын 1 500 адамды жұмыспен қамтитын «Шалқия цинк» кен байыту фабрикасы және өзге де өндіріс нысандары қосылады. Тағы 5 елді мекен – Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Тақыркөл газбен қамтуға арналған жобалар әзірленіп, іске қосуға дайындалуда.
— Бұл инфрақұрылымдық бастама тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, ауданның дамуына жаңа серпін береді, — деді Н.Нәлібаев.
Іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер мен газдандыру жұмыстарын жүргізген мердігер мекемелер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев жаңа жобаның игілігіне бата берді. Шара соңында аймақ басшысы аудан ардагерлерімен кездесу өткізіп, өңірдегі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысы туралы пікір алмасты.

