Фото: Қызылорда облысының Өңірлік Коммуникациялар Қызметі
Биыл Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына заңды тұлғалардан 893 өтініш келіп түсті. Өтініштердің басым бөлігі құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат беру және нысандарды пайдалануға қабылдау мәселелеріне қатысты болды.
Сәулет-құрылыс саласына қойылатын талаптарды бұзған тұлғаларға қатысты 525 әкімшілік іс қозғалып, оларға заңға сәйкес айыппұлдар тағайындалды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есеге артқан көрсеткіш.
Мемлекеттік және жеке қаржы есебінен салынатын нысандар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы жолданған 2522 хабарламаның заңдылығы тексерілді. Оның ішінде 1455-і тізілімге енгізілсе, 1067 хабарлама талаптарға сәйкес келмегендіктен қабылданбады.
Бұл туралы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәди Әліп мәлімдеді.
— Биыл 2369 объектіні пайдалануға қабылдау туралы актінің 823-не оң қорытынды берілсе, 1546 актіге теріс қорытынды берілді. Сол сияқты, 214 аккредиттелген техникалық қадағалау ұйымдарынан «Е-Qurylys» жүйесіне 3401 айлық есептері түсіп, оның 3269-ы қабылданса, 132-і ескертпемен қабылданды. Есепті мерзімде басқармамен көрсетілетін 5 түрлі мемлекеттік қызметті алуға «Е-лицензирование» порталы арқылы 1971 өтініш түсті. Биыл басқарманың бақылауымен 81 тексеру жұмыстары өтті. Атап айтқанда: «Арнау Палас»мейрамханасы бойынша құрылыс жұмыстарын тоқтатып, бұрынғы қалпына келтіруге немесе нысанды заңдастыруға нұсқама берілді. Қалған, «Қызылорда қонақ үйі», «Айзада Плаза» сауда орталығы, Талғат базарының заңсыз дүңгіршектері және Әйтеке би көшесінде орналасқан 3 қабатты сауда үйінің жобадан ауытқыған бөліктері бұздырылды. Алдағы уақытта осы бағыттағы тиісті бақылау жұмыстары өз жалғасын тауып, заңсыз салынған құрылыс нысандарына мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі,
— деді Мәди Раманқұлұлы.

