Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қызылордада «Бірлігі жарасқан Сыр елі» атауымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық форумы ұйымдастырылды.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Адал азамат» жобасының жетекшісі әрі амбассадоры, Қарағанды облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков және Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Мүбарак Жинақбаева арнайы қатысты.
Аймақ басшысының орынбасары рәсім барысында жыл көлемінде жүзеге асқан жұмыстарға тоқталып, форум қатысушыларына табыс тіледі.
«Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойы аясында бәріміз үшін сүйінші жаңалық – Қызылорда қаласында жаңа «Достық үйі» бой көтерді. Бұл заманауи ғимарат өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея мүшелерінің тиімді қызмет атқаруына жағдай жасайды»,
– деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Форумда Бекзат Қомарұлы, Мүбарак Қасымқызы, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Дильфура Бакишқызы сөз алып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

