Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылдан бері “Аңсаған сәби” арнайы бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба қосалқы репродуктивті технологиялар арқылы отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге қолдау көрсетуді мақсат етеді. Ағымдағы жылы өңірде аталған бағдарлама шеңберінде бала сүюге үмітті жанұяларға 310 квота бөлінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова хабарлады.
“Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша 2015 жылдан бергі квота саны биылға дейін 8 есеге артқан. Өткен жылы ұсынылған 270 квота толық пайдаланылып, экстракорпоральды ұрықтандыру нәтижесінде 92 сәби дүниеге келді, ал қазір 51 әйел жүктілік кезеңінде. Биыл облысқа берілген 310 квотаның 285-іне жолдама рәсімделіп, орындалу деңгейі 91,9 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта 455 отбасы кезекте тұр. Барлық өтініш берушілер өңірлік комиссияда қаралып, қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес жолданады,
– деді Мая Миранбайқызы.

