Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін Сыр өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін тарихи күн! Өйткені еліміздің жол инфрақұрылымын дамыту тарихында жаңа бетбұрыс болды – «Қызылорда-Жезқазған» автожолы пайдалануға берілді. Бұл көлік қатынасын жақсартуға және тұрғындардың жайлылығын арттыруға бағытталған маңызды жоба, көптен күткен жоба болды.
Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат хатшысы Мұрат Тілеумбетов және басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
Аймақ басшысы жаңа жолдың маңызына тоқталып, оның өңір экономикасына әсері мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы рөлін атап өтті. Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жобаны қолдағаны үшін алғыс білдіріп, Сыр өңірі тұрғындарының тілегі орындалғанын айтты. Жолдың қайта жаңғыртылуы нәтижесінде 216 шақырымдық аумақта сапалы өзгерістер жүзеге асқан, ал жобаның жалпы құны 84 миллиард теңгені құрады.
«Қызылорда-Жезқазған» жолы республикалық маңызы бар магистраль ретінде аймақтар арасындағы көлік қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Бұрын екі аралықты 20 сағатта жүріп өтетін жолаушылар енді тек 16 сағатта жететін болады. Жол сапасы жоғары, қауіпсіздік пен жайлылық маңызды талаптарға сай қамтамасыз етілген.
Енді осы жолды «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізімен қосатын 25 шақырымдық айналма жол құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл жоба көлік тасымалын тиімдірек етеді және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.

