Спорт саласының тұрақты әрі серпінді дамуы ең алдымен сапалы спорт инфрақұрылымының қалыптасуымен тығыз байланысты. Өйткені заманауи, қолжетімді әрі талапқа сай спорт нысандары кәсіби спортпен қатар бұқаралық спорттың кеңінен дамуына жол ашады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында барлық өңірлер мен елдімекендерде спорт инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу мәселесіне ерекше назар аударған болатын.
Осы міндеттер аясында облыста соңғы үш жыл ішінде «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша 21 заманауи спорт кешені ел игілігіне берілді. Алдағы кезеңде ауылдық елді мекендерде соңғы үлгідегі тағы 5 спорт нысанын іске қосу жоспарлануда. Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы саны 1538 спорт ғимараты тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде.
Биыл Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше қолдауының, сондай-ақ аймақ басшысының бастамасының арқасында Қызылорда қаласының сол жағалауында құны 26,5 млрд теңге болатын, УЕФА-ның 4-санатына сай келетін 11 мың орындық жаңа стадион пайдалануға берілді. «Kaysar Arena» атауын алған бұл нысан Қазақстан Кубогының финалдық ойынымен салтанатты түрде ашылды. Аталған стадион спорттық жарыстармен қатар ауқымды мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге толық мүмкіндік береді.
Сонымен бірге стадион аумағында олимпиадалық спорт түрлеріне арналған бокс, спорттық гимнастика, таеквондо, ауыр атлетика, күрес залдары мен фитнес залдары орналасқан. Бұл нысандар жыл бойы халыққа үздіксіз қызмет көрсететін болады.
Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы тағы бір маңызды жоба – құны 20 млрд 500 млн теңгені құрайтын, аумағы 25 мың шаршы метрлік көпбейінді «Kyzylorda Arena» спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Кешен құрамында олимпиадалық талаптарға сай 50/25 метрлік жүзу бассейні және түрлі спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары қарастырылған. Сонымен қатар, Әлем және Азия чемпионаттары мен халықаралық жарыстарды өткізуге лайықталған 2500 орындық әмбебап зал салынуда. Бұл кешен форумдар мен мәдени іс-шаралар өткізуге де ыңғайлы болады.
Өңірдегі спорт саласын дамытуға ұлттық компаниялар, қоғамдық қорлар және жергілікті кәсіпкерлер де белсенді үлес қосып келеді. Солардың бірі 2024 жылы Қызылорда қаласының сол жағалауында «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорымен бірлесіп, құны 3 млрд 400 млн теңге болатын «Теннис орталығының» ашылуы.
Бұдан бөлек, «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен сол жағалауда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған, құны 2 млрд 900 млн теңгелік дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Аталған қордың қолдауымен биыл Шиелі және Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері бой көтеріп, ауыл тұрғындарының игілігіне табысталды.
Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» бағдарламасы шеңберінде 2024 жылы Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосалқы алаңы жаңғыртылды. Ал биыл федерацияның қолдауымен Жалағаш ауданының орталық стадионы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Биылғы жылдың тағы бір маңызды жаңалығы – облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен жеке теңгерімде болған «Тарлан» спорт кешенінің басқарма қарамағына өтіп, «Қызылорда ерлер және әйелдер бокс клубы» ретінде ресми ашылуы. Ғимарат демеушілер есебінен толық жаңғыртылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Қазіргі таңда мұнда ерлер мен әйелдерге арналған екі бокс залы, 40 орындық қонақ үй, заманауи жаттығу залы мен спортшыларға арналған асхана жұмыс істеп тұр.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 56,5 пайызға жетті. Қазіргі таңда өңірде 377 мыңнан астам тұрғын, яғни халықтың 44,6 пайызы бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 4,2 пайызға артқан. Жыл басынан бері облыста 146 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 26 980 адам қатысты.
Биыл Сыр спортшылары халықаралық ареналарда тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, грек-рим күресінен 26 жылдан кейін Әлем чемпионы атанған Айдос Сұлтанғали, бокстан Әлем Кубогының жеңімпазы Нұрсұлтан Алтынбек, бокстан Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Гүлсая Ержан, Зарина Толыбай, Ақбота Болат ел намысын қорғады.
Сондай-ақ дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегерлері Сұлтан Бейбарыс пен Бақытбек Көркем, Азия ойындарының жүлдегерлері Абылайхан Жұбаназар, Мағжан Шамшадин, Еламан Ерғалиев, стенд атудан Азия чемпиондары Айсалбаев Әлішер, Коломоец Максим, Айсалбаев Асылхан, мәнерлеп сырғанаудан бірнеше халықаралық турнирдің жеңімпазы Артур Смағұлов, отырып ойнау волейболынан Азия және Әлем Кубогының жеңімпаздары Қасқабаев Эрик, Медеуов Шыңғыс, Әбдібек Ерасыл, ауыр атлетикадан Әлем және Азия чемпиондары Сәулебеков Ерасыл, Ерсейіт Бейбарыс, Ернұр Мырзахмет, пара дзюдодан Әлем Кубогының жеңімпазы Айдана Ғазизқызы, пара пауэрлифтингтен Әлем чемпиондары Бойко Снежанна мен Фариза Төлжан жоғары нәтиже көрсетті.
Жалпы алғанда, биыл облыс спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 158 алтын, 154 күміс, 227 қола медаль иеленсе, Әлем және Азия чемпионаттары мен кубоктарынан 55 алтын, 38 күміс, 53 қола жүлде жеңіп алды.
Сонымен қатар, 2 спортшы ҚР Еңбек сіңірген спортшы атағына ие болып, 9 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. 45 спортшы ҚР спорт шебері, ал 975 спортшы спорт шеберлігіне үміткер атағын алды. Қазіргі таңда спорттың түрлі түрлері бойынша ҚР Ұлттық құрама сапына Қызылорда облысынан 585 спортшы енген.
Алдағы уақытта өңірде спорт саласын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз жалғасын таба бермек.

