Фото: Өңірлік Коммуникациялар қызметі
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Швейцарияға барып, өңірдің экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
«Harvest Group» компаниясымен кездесу барысында 20 мың гектар аумақта техникалық қарасора, жүгері және соя өсіріп, қайта өңдеуді көздейтін, құны 51 млрд теңге болатын агроиндустриялық кластер жобасы талқыланды. Жоба 150-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ делегация БҰҰ Женева бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валоваямен экология, «Геопарк Арал» жобасы және жасыл энергетика бағытындағы ынтымақтастықты сөз етті.
Швейцариялық тарап қазақстандық жобаларға қызығушылық білдіріп, іскерлік байланыстарды нығайтуға ниет танытты.

