Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
2025 жылы Қызылорда облысында жұмыспен қамту саласындағы негізгі жоспарлы көрсеткіштер жоғары деңгейде орындалды. Жұмыс орындарын арттыру, халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және әлеуметтік қолдау шараларын жүйелі жүзеге асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етті. «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында көзделген 46 560 жұмыс орнының 42 829-ы құрылып, жоспар 92 пайызға орындалды.
Жыл ішінде 13 547 адам бос жұмыс орындарына, 12 951 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды. Сонымен қатар, 2 829 азамат ұлттық жобалар шеңберіндегі инвестициялық бастамаларға жұмысқа тартылды. «10 мың адамға 100 жұмыс орны» жобасы аясында 11 543 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіштер туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева ақпарат берді.
— Халықты жұмыспен қамтудың қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс бойынша 109 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 5 835 бос орын ұсынылды. Нәтижесінде 1 648 адам тұрақты, 744 адам уақытша жұмысқа орналастырылды. Солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару жобасы бойынша 80 отбасы көшіп барды. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру квотасы толық орындалды — 76 адам жұмысқа тұрғызылды. Әлеуметтік әріптестік шеңберінде еңбек қатынастарына тұрақты мониторинг жүргізілді. 68 комиссия отырысында 57 кәсіпорындағы еңбек ахуалы қаралды. Жыл ішінде 43 кәсіпорында 515 адам жұмыстан босатылғанымен, олардың 396-сы қайта жұмыспен қамтылды. Соның нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8%-дан 4,6%-ға дейін төмендеді. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау да күшейтілді. 2025 жылы оңалту бағдарламаларын орындауға 8,3 млрд теңге бөлінді. 35 мыңнан астам азаматтың 33 368-і қажетті техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Жалпы жұмыс бағыты бойынша жоспарланған көрсеткіштердің барлығы жыл соңына дейін толық орындалады деп күтілуде,
— деді Жанар Жұмабекқызы.

