Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қызылорда облысында тұрғындарға ыңғайлы және сапалы өмір сүру жағдайын қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов қаладағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Келешек мектебі» ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталды
Қаладағы ірі жобалардың бірі – 1500 орындық «Келешек мектебі». Құрылыс толығымен аяқталды, ғимарат заманауи білім беру стандарттарына сәйкес салынған. Мектепте барлық оқу кабинеттері жаңа үлгідегі техникамен жабдықталған, сондай-ақ STEM-зертханасы, кітапхана, спорт залы, акт залы мен асхана қарастырылған. Жобаның бас мердігері «Integra Construction KZ», жобалаушы ұйымы «Project Construction KZ», ал техникалық қадағалаушысы – «Самұрық Қазына Девелопмент» компаниясы. Нысан жақын арада қолданысқа беріледі.

Аулаларды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Қызылорда қаласындағы 20 аулаға ойын және спорт алаңдарын орнатуға биыл 1,3 миллиард теңге бөлінді. Әрбір аулада әткеншек, сырғанақ, жаттығу құралдары, кіші футбол алаңы мен воркаут алаңдары орнатылмақ. Сонымен қатар, аумақты жарықтандыру, демалыс орындарын орналастыру, көгалдандыру және басқа да абаттандыру шаралары қолға алынған. Бұл жұмыстар тұрғындардың жайлы өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған.

Тұрмыстық қалдықтарды жинау жүйесі жетілдірілуде
Қаладағы тұрмыстық қалдықтарды жинау жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта 153 миллион теңге бөлініп, 375 арнайы контейнер қойылды. Бұл шара қаладағы санитарлық жағдайды жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.

