Фото: Қызылорда облысының Өңірлік Коммуникациялар қызметі
Қызылордада көпбейінді облыстық балалар ауруханасының базасында «Қамқорлық» ерте араласу орталығының ресми ашылуы өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Гибрат Ауғанов, «Қазақстан халқына» қорының өкілдері Шыңғыс Шарапиев және «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.
Жаңа орталық туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде неврологиялық немесе ортопедиялық даму қаупі бар, сондай-ақ шала туған сәбилерге ерте қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл орталықтың ашылуы өңірде баланы үздіксіз сүйемелдеу жүйесін қалыптастырады: туғаннан үш жасқа дейінгі балалар — ерте араласу орталығында көмек алса, 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Арал аудандарындағы «Қамқорлық» оңалту орталықтарында қызмет алады.
Орталық «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен шетелдік өндірушілердің жаңа буын оңалту жабдықтарымен қамтылды. Мамандыр вертикализаторлар, rifton құрылғылары, арнайы модульдер, түзету кешендері, «Атлант» костюмдері, сенсорлық және шунгит бөлмелер, тұзды шахта, иммерсионды ванна, ЭЭГ және диагностикалық жүйелермен жұмыс істей алады. Мұндай техника ерте оңалтудың тиімді бағдарламаларын іске асырып, мүгедектік қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Орталықтың қызметі мультидисциплинарлық модельге негізделген. Балалармен және олардың ата-аналарымен невропатолог, реабилитолог, неонатолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, логопед, дефектолог және психолог бірлесіп жұмыс істейді. Барлық мамандар «Қамқорлық» қорының қолдауымен Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығында арнайы дайындықтан өткен, бұл көрсетілетін көмектің сапасын жоғары деңгейде қамтамасыз етеді.
Қызмет алғысы келетін ата-аналар тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, дәрігерден орталыққа жолдама алуы тиіс.

