Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Қызылорда облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде 100-ге жуық жобаның іске асуы жолдардың сапасын 92,5 пайызға жеткізуге мүмкіндік берді. Қаланың негізгі магистральдарында және каналдар үстіндегі көпір өткелдерінде кеңейту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірқатар жаңа учаскелер пайдалануға берілді.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықовтың айтуынша, биыл облыс бойынша жалпы 124 жоба қолға алынған. Оның ішінде басқарма тарапынан ұзындығы 37,1 км құрайтын 16 жоба, Қызылорда қаласында 65 км жолды қамтитын 26 жоба, сондай-ақ Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында әртүрлі ұзындықтағы жолдарды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Жалпы жаңғыртылған жолдар мен көпір өткелдерінің ұзындығы 61,9 км-ді құрайды.
Аймақ басшысының тапсырмасымен биыл Арал қаласында ұзындығы 940 метр аспалы көпір ел игілігіне берілді. Сондай-ақ тұрғындар көптен күткен Жаңақорған кентіндегі теміржол үсті көпірі пайдалануға тапсырылды. Қызылорда қаласындағы Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол асты өткелінің құрылысы қарқынды жүруде. Келер жылы Қармақшы ауданындағы Жосалы кентінде теміржол үсті көпірінің құрылысы басталмақ.
Республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Бүгінде облыс аумағына тиесілі 191 шақырымдық бөлігі толық аяқталып, жақында пайдалануға берілді.

