Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, сондай-ақ мәслихат депутаттары Садық Мұстафа, Мақсұт Нәлібаев, Қанағат Сақтағанов және Нұркен Бақытбекұлы қала аумағындағы құрылыс жұмыстарымен танысты.
Алдымен Президент саябағын қайта жаңарту жайы қаралды. Мұндағы жүзеге асып жатқан көгалдандыру, көріктендіру және инфрақұрылымдық жобалар көлемі өте үлкен.
Бас мердігер «Bi Global» ЖШС саябақ аумағында 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт және 4 workout аймағы, 7 тынығу орны, 4 фудкорт, теннис үстелдері, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, би алаңы, стритбол, веложол және жүгіру жолақтары, сахна, сарқырама арналары мен көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары, арқан саябағы және модульдік санитарлық нысандар салуды жоспарлап отыр.
Саябақ аумағында жыл бойы қызмет ететін 300 орындық заманауи балалар демалыс лагері мен Ботаникалық білім орталығы (қысқы бақ) да бой көтеруде. Бас мердігер Alem Qurylys AQ ЖШС жобада көрсетілгендей спорт блогын, түрлі іс-шараларға арналған event-аймақ, жатын корпустар, қонақүй үлгісіндегі шағын ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна салумен айналысуда.
Одан әрі мәслихат төрағасы қайта жөндеуден өткен Қорқыт ата саябағын аралап көрді. Бүгінде бұл жер тұрғындардың тынығуына, серуендеуіне және балалардың қауіпсіз ойнауына ыңғайлы кеңістікке айналған. Жаңғырту барысында брусчатка төселіп, жасыл желек отырғызылды, субұрқақтар, спорт және ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдары мен жарық шамдары орнатылды. Келушілерге арналған орындықтар, шағын сәулеттік құрылымдар қойылып, суару жүйесі жүргізілді.
Соңғы жылдары жаңартылған қалалық мәдени-демалыс паркі, орталық алаң, ботаникалық саябақ секілді қала тұрғындары жиі баратын, серуендейтін және демалатын орындардың саны арта түсті. Бұл демалыс аймақтары бір жағынан қаланың көркін арттырса, екінші жағынан барлық жастағы азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етіп отыр.

