Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қызылорда қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен республикалық ардагерлер кеңесінің көшпелі жиыны ұйымдастырылды. Отырысқа Қазақстанның Еңбек Ері, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, төралқа мүшелері, еліміздің барлық аймақтарынан келген ардагерлер кеңесінің жетекшілері, зиялы қауым мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы өңірде жүзеге асқан бастамалар, орындалған жұмыстар және қол жеткізілген нәтижелер жөнінде тоқталды.
«Республикалық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысын Қызылордада өткізуге келісіп, шақыруымызды қабыл алған баршаңызға Сыр халқына тән ілтипатым мен шынайы алғысымды білдіремін.
Бүгінде аймақ экономикасын әртараптандыруға, өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тың жобалар жүзеге асуда. Президентіміздің өңірдің өсіміне, жасалған жұмыстарға берген оң бағасы — Сыр жұрты үшін үлкен абырой. Мемлекет басшысының айрықша қолдауы жаңа белестерге жетелеп, қосымша жауапкершілік жүктейді. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген әрбір жетістік — халықтың ынтымағы мен табанды еңбегінің нәтижесі.
Өңірде елге еңбегімен сыйлы, ісімен үлгі бола білген азаматтарға лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Президенттің қолдауының арқасында 2022 жылдан бері 300-ге жуық жерлесіміз мемлекеттік марапаттарға ие болды. Оның едәуір бөлігі — қарапайым еңбек ардагерлері мен үздіктері. Қарттар, зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты демеу көрсету — жұмысымыздағы негізгі басымдықтардың бірі.
Қазыналы қарияларға әлеуметтік қолдау көрсету, медициналық қызмет сапасын жақсарту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Бұл мақсатқа бөлінетін облыстық бюджет көлемі жыл сайын ұлғайып келеді.
Сіздер — елдің рухани тірегі, ұлттық құндылықтардың сақтаушысы, отбасындағы ынтымақ пен бірліктің алтын өзегісіздер», — деді Н. Нәлібаев.
Жиында Бақтықожа Ізмұхамбетов көрсетілген құрметке ризашылық білдіріп, облыс әкіміне «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің Алғыс хатын табыстады.
Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбеков, Мәжіліс депутаты әрі орталық кеңестің алқа мүшесі Ермұрат Бапи, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Төлеубек Мұқашев, сондай-ақ Атырау, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағалары Мұрат Өтешов, Ескендір Елеусізов, Ғабит Тұяқов, Серік Дүйсенбаев сөз сөйледі.
Басқосуда аймақ басшысы Икрам Адырбекұлы Адырбековке «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалін және Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады. Дәстүр бойынша облыс халқы атынан сый-сияпат көрсетілді.
Сонымен бірге ардагерлер қозғалысының белсенділеріне «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің Алғыс хаты, «Құрмет белгісі» төсбелгісі және Құрмет грамоталары тапсырылды.

