Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі
Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жақанов және қала әкімі Нұржан Ахатов Президент паркінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын қарап шықты. Нысанда бас мердігер «Bi Global» ЖШС кең көлемді абаттандыру жұмыстарын іске асыруда. Саябақ аумағында 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт және 4 workout аймағы, 7 демалыс орны, 4 фудкорт, теннис үстелдері, 50 метрлік шолу дөңгелегі, би алаңы, стритбол, вело және жүгіру жолақтары, сахна, сарқырама арналары мен көпірлер, сондай-ақ шахмат, баскетбол және футбол алаңдары, арқан саябағы мен модульдік санитарлық нысандар салынуда.
Бұдан бөлек, саябақ маңында жыл бойы қызмет көрсететін 300 орындық заманауи балалар лагері мен Ботаникалық оқу орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бұл бағытта бас мердігер Alem Qurylys AQ ЖШС спорт блогы, іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар, киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна орнатуды қолға алған. Қазіргі таңда барлық нысандарда қарқынды жұмыс жүргізілуде.

