Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жетекшілігімен өңір халқын сұйытылған газбен қамтамасыз ету жайы қарастырылған кеңес ұйымдастырылды. Жиынға салаға жауапты мекеме басшылары қатысып, талқылау нәтижесінде нақты тапсырмалар берілді.
«Қазіргі уақытқа дейін төмендетілген бағамен әлеуметтік газ сатып алып, соның есебінен пайда көріп келесіздер. Былтыр да қатқыл түрде ескерткенмін — әлеуметтік газ тек халыққа сатылуы тиіс. Коммерциялық газды өз қаражатыңызға алып, бөлек пайдаланыңыздар.
Тұрғындарды толық қамтамасыз ету үшін қымбат болса да, өзге көздерден коммерциялық газды жедел жеткізіп, халыққа әлеуметтік тарифпен ұсыныңыздар. Аймаққа бөлінген газды өндіріс орындарына немесе басқа өңірлерге өткізуді тоқтатып, жасанды тапшылық тудырмаңыздар. Халық сұранысын толық өтеу бағытында барлық қажетті шараларды қабылдаңыздар. Ортақ мақсатқа жетуде түсіністікпен және жауапкершілікпен жұмыс жасаймыз деп сенемін.
Алыпсатарлыққа жол бермеу үшін бақылау мен реттеу қажет. Бөлінген газдың сырт аймақтарға тасымалданбауы үшін облыс шекараларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, оны күшейтуді тапсырамын. Заңсыз орнатылған автогаз жабдықтарын анықтау мақсатында рейдтік тексерістер жүргізіп, тиісті шаралар қабылдаңыздар», — деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Қазіргі таңда облыста 16 оператор 144 автогаз құю станциясы және 6 газ сақтау қоймасы арқылы сұйытылған газ сатумен шұғылданады.
Облыстық полиция департаменті аймаққа бөлінген газдың өзге өңірлерге шығып кетпеуін бақылау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін бекеттерді іске қосқан. Бақылау пункттері «Қарабұтақ-Қызылорда–Шымкент» автожолының Арал ауданындағы 1363-903 шақырым аралығында, осы жолдың Жаңақорған бөлігіндегі 1998-268 шақырымдарында және «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының 12-ші шақырымында орналасқан.
Газ және жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы орган, экономикалық тергеп-тексеру, мемлекеттік кірістер және бәсекелестікті қорғау департаменттері мамандарынан құрылған өңірлік штаб тұрақты жұмыс істеп келеді.
Қазір облыста шамамен 892,1 тонна сұйытылған мұнай газының қоры бар.

