Фото: Ақорда
Қазақстанда жасанды интеллект жүйелерінің қызметін реттейтін заң қабылданды деп хабарлайды Aqorda. Заң бойынша жасанды интеллект адамның міндеттерін орындау құралы ретінде қарастырылып, оның қолданылуына жауапкершілік пен бақылау қағидаттары енгізілді.
Меншік иелері мен пайдаланушылар жүйелердің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге міндеттеледі. Сонымен қатар заңда әділеттілік, ашықтық, адам игілігіне басымдық, деректерді қорғау және құпиялылық қағидаттары бекітілген.
Заң аясында жасанды интеллектіні заңға қарсы мақсатта қолдануға, манипуляциялық әдістермен жеке деректерді жинауға және өңдеуге тыйым салынды. Сондай-ақ, жасанды интеллект жүйелерін қолдану нәтижелері таңбалануы тиіс.
Ұлттық жасанды интеллект платформасын құру және дамытуға арналған заңдық негіздер де заңда қарастырылған.
Заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланады.

