Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту, цифрландыру, сондай-ақ халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Отырысқа Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Өңірде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл медициналық ұйымдарға 9 млрд 200 млн теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілді. Сонымен қатар, халыққа тегін дәрі-дәрмек беру үшін 140 мыңнан астам рецепт жазылып, дәрілік заттар жеткізу жоспары жыл соңына дейін тағы 255 млн теңгені құрайды.
Жер қойнауын пайдалану саласында жаңа кен орындарын анықтау мақсатында Арал шөгінді бассейнінде геологиялық зерттеу аяқталды. Сырдария шөгінді бассейні бойынша зерттеу 2024 жылы басталып, үш жылға жоспарланған. Бұл мақсатқа 4 млрд 300 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, «Саутс Ойл» компаниясы дәстүрлі емес тәсілмен қара тақтатастан мұнай өндіруге кірісті.
Үкімет отырысында жер қойнауын пайдалану мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша нақты жоспарлар мен қаржыландыру көлемдері белгіленді, бұл өз кезегінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

