Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық трассасының Арал ауданы аумағында «PetroRetail» ЖШС-нің жаңа жол бойы сервистік қызмет көрсету орталығы ашылды. Салтанатты шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, облыс әкімінің орынбасары және ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, серіктестік өкілдері мен зиялы қауым қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жаңа кешен ұжымы мен тұрғындарды құттықтады.
«Мемлекет басшысы жариялаған «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты бүгінде ел дамуының берік негізіне айналды. Бұл бағыт өңірлердің әлеуетін арттырып, халықтың ынтымағын күшейтуге жол ашуда. Жол бойындағы сервисті дамыту бойынша автокөлікке газ құю бекеттерін қамтитын көпфункционалды нысандар салынып жатыр. Бұған «Qazaq Oil», «Compass», «Алаш Метан», «Dom» сынды компаниялар атсалысып, жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жақында екі жаңа газ құю станциясы іске қосылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Кіші Аралды сақтау және «Сексеуіл–Бейнеу» автомобиль жолының құрылысын жеделдету жөнінде нақты тапсырма берді. Бұл – Мемлекет басшысының Сыр еліне, Арал өңіріне айрықша назарын көрсетеді. Жаңа кешен өңір экономикасына серпін береді деп сенеміз», – деді Қ.Нұртай.
Шара барысында ел дамуына үлес қосқан азаматтар мен серіктестік қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Серіктестіктің даму жөніндегі директоры Бахытжан Тасанбаев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтаса, еңбек ардагері Алдаберген Жоланов бата берді.
Айта кетейік, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойында қазіргі таңда 55 сервистік кешен жұмыс істейді. Соның бірі – құны 2 млрд теңгеге салынған «PetroRetail» В санатты көпфункционалды кешені. Жоба аясында 31 орындық қонақ үй, 20 адамға арналған тамақтану орны ашылып, 20 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.

