Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов және ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Сыр өңіріне сапары барысында жуырда іске қосылған «Тұмар» шағын өнеркәсіптік аймағының жұмыс барысын көрді.
Шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған Үкімет бастамаларының бірі — өнеркәсіптік аймақтар желісін дамыту. Осы ретте, жеке кәсіпкерліктің бастамасымен Сырдария ауданының автомобиль жолы бойында орналасқан, тамақ өнеркәсібіне маманданған «Тұмар» өндірістік аймағы қазан айында ашылып, кәсіп иелерінің пайдалануына берілді.
Жобаның жалпы құны — 526 млн теңге. Мұнда азық-түлік өнімдерін шығарумен айналысатын 8 өндірістік цех жұмыс істеп, 50-ден астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпкерлер өз қызметін бастау үшін «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан жылдық 3 пайыздық мөлшерлемемен 157 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған.
Айта кету керек, облыста экономиканы әртараптандыру бағытында жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 98 жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биылғы жылы инвестициялық жоба пулына енгізілген 54 бастаманың 36-сы іске қосылды. Олардың ішінде кірпіш, айна мен күріш зауыттары, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер шығаратын кешен, онкологиялық диагностикалық орталық, өнеркәсіптік аймақ, «Syr darya» коммуналдық базары және бірқатар сауда нысандары бар.
Жыл соңына дейін қуаттылығы 240 мегаватт болатын заманауи жылу-электр станциясы, жолаушылар вагондарын жөндеу орталығы, жылына 392 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт, тағы бір өнеркәсіптік аймақ және екі күн электр станциясы іске қосылмақ.
Өңдеу саласын ілгерілету және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру үшін жалпы құны 553 млрд 600 млн теңгені құрайтын 14 жобаның құрылысы басталды.

